«Ұмай» жеңілдік ипотека бағдарламасы Қазақстанда үлкен қызығушылық тудырды: бірінші транш бойынша өтінімдер бірнеше сағаттың ішінде жабылып, сұралған қарыздың орташа сомасы 23,4 миллион теңгені құрады. Қосымша транш бөліне ме деген сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отбасы банкі» басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай жауап берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Журналистер «Ұмай» бағдарламасының бірінші траншы бойынша өтінім қабылдау бірнеше сағат ішінде аяқталғанына назар аударды. Олардың айтуынша, басқа да тиімді тұрғын үй бағдарламаларында сұраныс ұсыныстан асып түскен. БАҚ өкілдері қалыптасқан қажеттілікті жабу үшін қаржыландыруды ұлғайту жоспарланып отыр ма деп сұрады.

«31 тамызда „Ұмай“ бағдарламасы басталып, қатысушы әйелдерден 855 өтінім қабылданды. Олардың барлығы алдын ала мақұлданды. Енді олардың пәтер іздеуге және кредит рәсімдеуге уақыты бар. „Ұмай“ бағдарламасына қатысушылар арасында сұралған қарыздың орташа сомасы 23,4 миллион теңге екенін атап өткім келеді. Ең жас қатысушы — 18 жаста. Ең үлкені — 63 жаста», — деді Жансұлтан Матай.

Сонымен қатар ол бұл бағдарламаны іске асыруға қаражатты Азия даму банкі бөлгенін еске салды.

«АДБ „Отбасы банкіне“ 9 миллиард теңге көлеміндегі бірінші траншты алдын ала аударды. Қазақстандық әйелдер тарапынан жоғары белсенділікті ескере отырып, „Отбасы банкі“ АДБ-ға екінші траншты мерзімінен бұрын бөлу туралы өтініш жасады. Бағдарламаға барлығы 90 миллиард теңге қарастырылған. Қатысушыларға қойылатын талаптар әзірге өзгермейді», — деп сендірді «Отбасы банкі» басқарма төрағасының орынбасары.