Америка Құрама Штаттарынан депортацияланған екі мигрант Эсватиниге жетті. Бұл туралы оңтүстік африкалық елдің билігі мәлімдеді. Бұл — елдер арасындағы келісім аясында жасалып отырған қадам, алайда құқық қорғаушылар бұл келісімді сынға алуда.
Үкіметтің бейсенбі күнгі мәлімдемесінше, екі мигрант — Латын Америкасынан. Оларды «үшінші елдің азаматтары» деп сипаттаған билік, АҚШ пен Эсватини арасындағы келіссөздер мен келісімдерден кейін келгендерін жеткізді. Бұл — 2025 жылдың шілдесінде алғашқы топ келгеннен бері АҚШ-тан Эсватиниге жіберілген бесінші топ.
Бұған дейін жіберілгендердің кейбірі кейін елдеріне қайтарылған. Ямайкалық бір азамат қыркүйекте отанына оралса, Камбоджалық бір азамат наурызда бес ай түрмеде отырғаннан кейін елге қайтарылу үшін босатылды.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, Трамп әкімшілігі көбінесе құпия келісімдер арқылы мыңдаған адамды өз елі емес, басқа елдерге депортациялап, иммиграцияға қатаң шараларды жалғастыруда. Иммиграциялық адвокаттар бұл тәжірибені кейбір баспана іздеушілерді қашып кеткен елдеріне жанама түрде қайтарудың заңды айласы ретінде қолданылып жатқанын айтады. Мұндай келісімдердің шамамен 11-і Африка елдерімен жасалған, оның ішінде Руанда, Гана, Камерун, Конго, Уганда, Сьерра-Леоне және Орталық Африка Республикасы бар.
Трамп әкімшілігінің депортация келісімдерін жасап, ақша төлейтін Африка елдерін таңдауы да сынға ұшырауда. Себебі Эсватини, Оңтүстік Судан және Экваторлық Гвинея сияқты елдердің көпшілігінің билігі қатал және адам құқықтары нашар деп танылған. Эсватини королі Мсвати III ұзақ уақыт бойы демократиялық қозғалыстарды, кейде зорлық-зомбылықпен басып-жаншуда деп айыпталып келеді.
Либерия Трамп әкімшілігінің үшінші елдерге депортация жоспарында басты назарға айналды. Ел 1200 мигрантқа дейін қабылдауға келісіп, биылғы айда алғашқы тобын қарсы алды. Бұл — әзірге ең үлкен көрсеткіштердің бірі. Ал шілде айында Ямайка үкіметі Эсватиниге депортацияланған үш азаматының екеуі Кариб еліне қайтарылу ұсынысынан ресми түрде бас тартқанын хабарлады.
Эсватини үкіметі соңғы екі депортацияланған адамның есімін, ұлтын атамады және олардың елде қанша уақыт болатынын да айтпады. Демократиялық және азаматтық құқық қорғау топтары Эсватинидің АҚШ-тан үшінші ел азаматтарын қабылдау туралы құпия келісіміне трансшекаралық наразылықтар, сот істері және жұртшылықтың қарсылығы арқылы қатты қарсы тұруда.


