Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ұйқы безінің қабынуы неден болады?

Ұйқы безі адам организмінде, әсіресе ас қорытуда, маңызды рөл атқарады. Сонда ұйқы безінің қабынуы нендей дерт?

Ұйқы безін анатомиялық құрылымына қарап басы, орта денесі және құйрығы деп үшке бөлеміз. Без жасушалары өндіретін фермент түтік жолымен ұлтабарға құйылады. Сөйтіп, ас қорыту үдерісіне белсене қатысады. Без ісінгенде немесе жараланып, ішіне қан құйылғанда оның кейбір жерлері жидіп өле бастағанда (некроз) ұйқы безі қабынып, қатты ауырады. Ауру безді тұтастай немесе оның кейбір жерлерін ғана (басын, денесін, құйрығын) қамтуы мүмкін.

Жіті панкреатитті көбінесе микробтар қоздырады, бірақ ауру кейде онсыз да басталады. Қабыну күші және аурудың барысы сол қоздырғыш тетігіне байланысты.Ұйқы безінің қабынуы әрқашан шыдатпай, қатты ауырып басталады. Ауыру іштің жоғарғы (ұйқы безінің тұсы) бөлігінде болады. Қатты ауырғандығы сонша, кейде адам дөңбекшіп, есінен де танады. Өңі қашып, қол-аяқтары көгере бастайды. Артериялық қан қысымы төмендейді. Тамыр соғуы нашарлайды. Ауырғаны басылмай, адамның жотасына таралады. Арқасын белбеудей орайды. Ұйқы безі қабынған адамның ұстамасы келгенде құса бастайды. Рас, дене ыстығы қалыптан аспауы мүмкін, бірақ адамның жалпы халі нашарлайды. Кейде жата да алмай, тек қисайып қана отырады. Ұйқы безінің қабынуына өт жолының қабынуы қосылса, адамның денесі сарғаюы мүмкін. Бірқатар аурулардың тыныс алуы бұзылады, кейбіреулердің ішектері қызметін дұрыс атқара алмайды, үлкен дәреті жүрмей қалады. Сондықтан, осындай халге ұшыраған адамды кешіктірмей ауруханаға жеткізген немесе жедел жәрдемді шақырған жөн. Ауру ұстамасы ұйқы безі ісінгеннен пайда болса, онда оны дәрі-дәрмекпен емдеуге болады. Ауырған жерге мұз басып, екі бүйірден егу (блокада) жасаған пайдалы. Мұндайда емдәм сақтап, адамға ашығу да керек, қан тамырына новокаин, атропин енгізген тиімді. Ал без жидіп, өлеттенсе, яғни іріңдесе, онда сырқат отаға зәру деген сөз.

Д.С. Байырханова, терапевт-дәрігер


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама