Өзбекстан билігі елдегі ең ірі автозауыт — UzAuto Motors пен UzAuto Motors Powertrain компанияларындағы мемлекеттік үлестерді сату үшін халықаралық тендер өткізуге дайындалып жатыр. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлады.

Жоспар туралы Өзбекстанның Мемлекеттік активтерді басқару агенттігі директорының орынбасары Алишер Миралиев Cbonds VIII халықаралық конференциясында мәлімдеді. Сауда-саттыққа UzAuto Motors акцияларының 99,7%-ы және UzAuto Motors Powertrain акцияларының 100%-ы шығарылмақ. Тендердің нақты мерзімі әзірге белгісіз.

Мәмілеге дайындық үшін халықаралық консультант тартылды: ол активтерге алдын ала тексеру жүргізіп, әлеуетті инвесторларға арналған материалдарды қалыптастырып жатыр.

UzAuto Motors «Узавтосаноат» құрылымына кіреді және елдегі ең ірі автомобиль өндірушісі болып қала береді. Кәсіпорын 1992 жылы Daewoo компаниясымен бірлескен кәсіпорын ретінде құрылған, кейін оның серіктесі General Motors болды.

2019 жылы мемлекет шетелдік серіктестердің үлестерін сатып алды, содан кейін кәсіпорын қазіргі атауын алды. General Motors үлескер болудан қалды, алайда компаниялар арасындағы ынтымақтастық жалғасты.

«Узавтосаноат» пен General Motors арасындағы келісім UzAuto Motors-қа Chevrolet брендімен автомобиль шығарып, оларды ТМД елдеріне экспорттау құқығын береді. Құжаттың мерзімі 2027 жылы бітеді. «Автострада» дерегінше, әлеуетті сатып алушы General Motors-пен одан әрі ынтымақтастық мәселесін ескеруге тура келеді.

UzAuto Motors ұзақ уақыт бойы жергілікті нарықта үстемдік етті, алайда жеке автокөлік өндірушілер мен қытайлық брендтердің өсуіне байланысты оның үлесі біртіндеп қысқарып келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында UzAuto Motors-тың жеңіл автомобиль өндірісіндегі үлесі 81,1%-дан 76,7%-ға төмендеді.

Бірінші жартыжылдықта компания елде өндірілген 235,8 мың көліктің 196,9 мыңын шығарды. Кәсіпорынның қызметі тікелей және жанама түрде 30 мыңнан астам жұмыс орнымен байланысты.

Бұған дейін Курсив Авто Өзбекстанда гибридті Chevrolet Equinox сатыла бастағанын хабарлаған болатын.