Аты аңызға айналған ғылыми-фантастикалық сериалдың авторы Лана мен Лилли Вачовски Warner Bros. студиясына «Матрицаға» құқықтарын қайтару ниеті туралы хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Gizmodo басылымының мәліметінше, Warner Bros. кинокомпаниясы Skydance корпорациясының құрамына енгеннен кейін режиссерлер авторлық құқықты беруді тоқтату жөніндегі заңды құқығын пайдаланған. Бұл заңды тетік авторларға ондаған жылдан кейін өз туындыларын студиялардан қайтарып алуға мүмкіндік береді. Соның салдарынан 2029 жылдың ақпанында корпорация АҚШ аумағында, мүмкін одан тыс жерлерде де Нео, Морфеус кейіпкерлері мен фильм әлеміне бақылауын жоғалтуы мүмкін.
Ахуал 2024 жылдың сәуірінде жарияланған франшизаның бесінші бөлімі бойынша жұмысты қиындатады. Сценарист Дрю Годдард 2026 жылдың наурызында мәтін үстінде белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын растаған. Алайда апалы-сіңлілі Вачовскилер жалғасын түсіруге қолдау білдіріп, соңғы кезде жобаға қатысуын тіпті күшейткен. Соған қарамастан Skydance студиясы 1999 жылғы фильмге сиквел мен приквел шығаруды жоспарласа, авторлармен лицензия туралы қайта келісуге мәжбүр болады.
Істі ерекше күрделендіретін нәрсе — Вачовскилердің студиямен 1994 жылы үш фильмге жасаған бастапқы келісімшарты. Заңгерлер трилогияның сценарийлері осы келісімге қол қойылғанға дейін жазылған ба, әлде мәміле аясында жазылған ба деген даулы мәселені анықтауы керек. Егер тараптар 2029 жылдың ақпанына дейін келісімге келе алмаса, оларды сот талқылауы күтіп тұр. Оның нәтижесі бүкіл Голливудтағы авторлық құқықты қайтару тәжірибесіне әсер етуі мүмкін.


