- 04 қыр. 2019 00:00
- 209
Варикоз дертінен қорғану
Мамандар варикоз дертінен қорғану үшін талшықты азықтарды тұтынуға кеңес береді. Осылай тамырларға салмақ түсіріп варикоз қалыптасуына себеп болатын іш қатуының алды алынған болмақ. Талшықты азықтар тамыр саулығына пайдалы. Балық, жеміс-жидек, көкөністермен жүйелі қоректену керек. Сондай-ақ шие, бүлдірген, қарбыздың да тамырға пайдасы орасан зор. Құрамындағы антиоксиданттар арқылы көктамыр оксидант заттардың зиянды әсеріне төтеп береді. Тағы зімбір, пияз, сарымсақтың да варикоз еміне айтарлықтай пайдасы бар. Ал шекер мен тұз мөлшері жоғары келетін балмұздақ секілді тәттілер мен қуырып дайындалатын азықтарды, чипстерді көп тұтынбаған жөн. Тұз мөлшерін азайтып қоректену аяқтағы ісінудің азаюына ықпал етеді. Көп су ішу тамырлардағы қан айналымының жақсаруына ықпал етеді. Қан тамырларын кеңейтіп варикозға себеп болатын спиртті ішімдіктерден және қан қысымына кері әсер ететін темекі атаулыдан аулақ болған жөн.
Таңертең және кешке 20 минут жаяу жүру аяқ саулығы үшін өте маңызды. Лифтке мінудің орнына баспалдақпен жүруге, велосипед қолдануға тырысыңыз. Отырғанда аяқты айқастырып отыру қан айналымына бөгет болатындықтан варикоз себептерінің бірі саналады. Кешкісін аяқтарды жүрек деңгейінен жоғары көтеріп 20 минут жату да пайдалы. Варикоз мазасыздығы барлардың аяқтарын салқын ұстауы, ыстық суға салмауы маңызды.
Хирург дәрігер Мейіржан Ерман
Оқуға кеңес береміз:
Варикоз ауруын заманауи емдеу әдістері
Қан қысымын қалай көтеруге болады: көмегі тиері анық 5 жылдам тәсіл