АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Дональд Трамптың саясатына наразы республиканшыларды біріктіріп, 2028 жылғы президенттік сайлауда олардың қолдауына ие болуға тырысып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Fox News телеарнасының мәліметінше, сөз Трамптың сыртқы саяси бағытымен келіспейтін жақтастарынан жаңа саяси одақ құру туралы болып отыр. Осылайша вице-президент болашақ президенттік науқанға дайындалуда.

Республиканшылар аралық сайлауда жеңілгеннен кейін Вэнс әкімшіліктің сыртқы саяси бағытын сынаған мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, жеңілістің басты себебі – Иранмен соғыс.

«Біздің жеңілуіміздің себебі – соғыс. Президенттің өзі кеше түнде айтты», – деп жазды вице-президент.

Ол сондай-ақ сайлаушыларды қайтаруға көмектесетін төрт қадамды атады: Иранмен қақтығысты аяқтау, өмір сүру құны мен инфляцияға назар аудару, «Америка бірінші» қағидатын ұстану және Израильмен қарым-қатынасты қайта қарау.

Трамп әкімшілігінің өкілі Fox News-ке Вэнстің бұл идеялары «жаңа оңшылдарға» – АҚШ-тың шетелдік қақтығыстарға қатысуына қарсы шығатын, шекараларды жабу мен американдық отбасылар үшін қолжетімді өмірді қолдайтын республиканшыларға арналғанын айтты. Олардың бір бөлігі Трамп сыртқы саясатта Израильге тым көп бейімделеді деп санайды.

Дереккөз Вэнстің президентпен қарым-қатынасты үзуге ниетті еместігін атап өтті. Керісінше, ол Трампты қолдайтын, бірақ оның сыртқы саяси бағытымен келіспейтін сайлаушыларға жүгінгісі келеді.

Вэнстің өзін 2028 жылғы сайлауда республиканшылардан ықтимал кандидаттардың бірі деп атап жүр. Ықтимал үміткерлер қатарында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да бар.