Қазақстандық боксшы Жәнібек Алимханұлынан дисквалификация мерзімінен бұрын алынып, ол WBO нұсқасы бойынша супер орта салмақта әлем чемпионы атағына үміткер болып тағайындалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) сайтында Әлем чемпионаттары комитеті супер орта салмақта WBO әлем чемпионы атағына үміткерді тағайындау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

«Комитет Жәнібек Алимханұлын ең жоғары рейтингке ие боксшы деп анықтайды, ол Әлем чемпионаты комитетінің пікірінше, міндетті үміткер мәртебесін беру үшін қолданылатын өлшемшарттарға барынша сәйкес келеді. Осылайша, Комитет Жәнібек Алимханұлын WBO нұсқасы бойынша супер орта салмақта әлем чемпионы атағына міндетті үміткер, демек, қазіргі WBO әлем чемпионы Хамза Шираздың титулына міндетті үміткер етіп тағайындайды», — делінген құжатта.

Сондай-ақ комитет Жәнібек Алимханұлының допинг-тест нәтижелеріне байланысты дисквалификациясы 2026 жылдың 10 шілдесінен бастап тоқтатылғанын, бұл қазақстандық боксшының чемпионатқа қатысу кандидатурасын қарауға мүмкіндік бергенін хабарлады. Сонымен қатар, дисквалификацияның тоқтатылуы негізгі тәртіптік істі жоймайтыны және бұзушылық болмағанын білдірмейтіні атап өтілді.

Еске салайық, 2025 жылдың 6 желтоқсанында өтуі тиіс үш титул үшін жекпе-жек алдында Жәнібек Алимханұлы допинг дауының ортасында қалды. Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық Жәнібек Алимханұлының допинг-тесті оң нәтиже бергенін ресми растады. Тергеу басталды. Кейін ұйым Жәнібекті белбеуден айырмағанымен, қазақстандықты бір жылға — 2026 жылдың желтоқсанына дейін дисквалификациялағаны хабарланған болатын. Сонымен қатар, бұған дейін WBO басшысы Густаво Оливьери The Ring басылымына қазақстандық Жәнібек Алимханұлы орта салмақтағы титулдан бас тартып, супер орта салмаққа ауысатынын мәлімдеген еді.