Батыс Қазақстан облысында үш азамат WhatsApp мессенджері арқылы алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Қылмыскерлер қазақстандықтармен хат алмасып, өздерін олардың туыстары ретінде таныстырып, әртүрлі сылтаулармен ақша аударымдарын сұрап алған. Схемаға белсенді түрде «дроппер» деп аталатын адам қатысқан, оның банктік шоты арқылы шамамен 5 миллион теңге шығарылған. Сотқа дейінгі тергеу барысында айыпталушылардың интернет-алаяқтықтың 15 эпизодына қатысы анықталды, деп хабарлайды infohub.kz.

Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының мәліметінше, зардап шеккендердің арасында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының, сондай-ақ Жетісу облысы мен Алматы қаласының тұрғындары бар. Сот үш алаяқтың барлығын кінәлі деп таныды. Биылғы жылдың маусым айында олардың екеуі 3 жылдан 4 жыл 1 айға дейін бас бостандығынан айырылса, біреуі 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар, сот зардап шеккендердің азаматтық талаптарын толық қанағаттандырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.