Жақында пайдаланушылар Windows 11 жүйесіндегі компьютерлерді тікелей смартфондарынан басқара алады. Microsoft Android құрылғыларынан компьютерді қашықтан өшіру және қайта жүктеу функциясын сынақтан өткізіп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әзірлеушілер Android смартфондарын компьютерлермен байланыстыратын Link to Windows мобильді қосымшасына жаңарту дайындап жатыр. Қазір бағдарлама хабарландыруларды көруге, хабарламаларды оқуға және қоңырауларға тікелей компьютерден жауап беруге мүмкіндік береді. Жаңа опция компьютерді қашықтан өшіруге, ұйқы режиміне жіберуге немесе қайта жүктеуге мүмкіндік береді.
Бұл функция үйден немесе кеңседен шықпас бұрын компьютерді өшіруді ұмытып кететін пайдаланушылар үшін пайдалы болады. Сонымен қатар, қосымша кодынан операциялық жүйенің қалған жаңартуларын орнату үшін өшіру немесе қайта жүктеу алдында арнайы командалар туралы ескертулер табылды.
Компания кездейсоқ әрекеттерден қорғауды және қалқымалы ескертулерді де қарастырды. Мысалы, компьютерді ұйқы режиміне жібергенде, қосымша құрылғылар арасындағы байланыс үзілетінін және компьютерді тек қолмен оятуға болатынын еске салады. Қазір бұл құрал сынақ сатысында және әзірге көптеген пайдаланушыларға қолжетімсіз.


