Геннадий Головкин басқаратын World Boxing халықаралық федерациясы ресми сайтында ресейлік боксшылардан шектеулерді алып тастағанын хабарлады, деп хабарлайды infohub.kz.

Ұйымның атқару комитеті Глазгода Лос-Анджелестегі 2028 жылғы Олимпиадаға дайындыққа қатысты кең ауқымды мәселелерді қарап, тиісті шешім қабылдады.

World Boxing Ресей өкілдері басқа елдердің спортшыларымен тең дәрежеде, яғни ұлттық рәміздермен (ту және әнұран) өнер көрсете алатынын белгіледі. Сонымен қатар ресейлік делегациялардың мінез-құлқы мен допингке қарсы ережелерді сақтауы қатаң бақыланатын болады.

Сондай-ақ атқару комитеті Астана қабылдайтын 2027 жылғы әлем чемпионатына дайындық мәселелерін талқылап, 2028 жылғы Олимпиаданың іріктеу турнирлерінің күнтізбесін бекітті.

«Бүгінгі талқылаулар мен шешімдер Әлемдік бокс федерациясының ринг ішінде де, сыртында да қол жеткізген елеулі прогрессін көрсетті. Олимпиадалық іріктеуді өткізу орындарын қамтамасыз етуден бастап, басқару жүйесін нығайту, жаһандық мүшелікті кеңейту және Конгреске дайындыққа дейін — біз олимпиадалық қозғалыс аясында бокстың табысты болашағын қамтамасыз етуге дайын, күшті әрі ашық ұйым құрып жатырмыз», — деді Головкин.

Қазақстандық және әлемдік бокс легендасы 2025 жылдан бері World Boxing-ті басқарады.