Қытайдың Xinfa Group корпорациясы Алматы облысындағы Көлжат көмір кен орнын кешенді игеру жобасын дайындап жатыр. Жоба аясында екі мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Осы жобаны іске қосу перспективаларын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Xinfa Group президенті Чжан Гуйчунмен кездесуде талқылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Мемлекет басшысы елдің заманауи технологияларды енгізуге және өндірісті ұзақ мерзімді негізде дамытуға дайын ірі инвесторларды тартуға мүдделі екенін атап өтті. Тоқаевтың пікірінше, металлургия мен көмір химиясында толық өндірістік тізбегі бар Xinfa Group-пен әріптестік Қазақстанның индустриялық даму басымдықтарына толық сай келеді.
Көлжат кен орнын игеру жобасы Қазақстан мен Қытай арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның жаңа сапасының үлгісіне айналуы тиіс. Президент қорларды игеру кешенді болуы керектігін – жартылай кокс, сутегі, синтез-газ және жоғары сапалы мұнай өнімдерін шығаруды қамтитын біртұтас тізбек құру қажеттігін атап өтті.
Тараптар сондай-ақ аса маңызды материалдар саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін жеке талқылады. Өз кезегінде Чжан Гуйчун холдингтің республикадағы қатысуын кеңейту жоспарларын таныстырып, Мемлекет басшысына бірлескен жобаларды қолдағаны үшін алғыс айтты.
Бұған дейін «Курсив» Абай облысында қытайлық инвесторлардың 1,6 млрд долларға екі ірі зауыт салғысы келетінін жазған болатын.


