Өскеменде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалы директорының бұрынғы орынбасары А.А. Рахимжанов пен Д.М. Нұртазин 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Шыбынды учаскесінде заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырды деп айыпталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қаржы мониторингі агенттігінің ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, олар бұл мақсатта тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана лицензиясы бар «EastGoldStone» ЖШС-ін пайдаланған. Өндіру ауыр техникамен — экскаваторлар, тиегіштер, өздігінен түсіретін көліктер және жуу жабдығымен жүргізілген.
ҚМА дерегінше, заңсыз өндірілген алтынның көлемі 15 кг-нан асқан, құны 844 млн теңгеден астам болған. Тергеу барысында 6,7 кг алтын және құны 382 млн теңгелік 579 грамм күміс тәркіленген.
Бұл әрекет қоршаған ортаға елеулі зиян келтірген. Жердің зақымдалған ауданы 18,2 га құрады. Сонымен қатар заңсыз әрекет барысында мемлекеттік орман қорына жататын ағаштар мен бұталар жойылып, зақымдалған. Экологиялық зиянды жоюға қажетті жұмыстардың құны 300 млн теңгеден асқан.
Сот құны 372 млн теңгелік мүлікті тәркіледі — 4 жүк көлігі, 2 экскаватор, 2 тиегіш, гидроход, сондай-ақ 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, былтыр ҚМА-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті прокуратура және ҰҚК департаментімен бірлесіп Ұлан ауданындағы Шыбынды өзенінің аңғарында қымбат металдарды заңсыз өндіру және жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактісін анықтаған. Тінту барысында 6,7 кг алтын және құны 382 млн теңгелік күміс тәркіленген. Ұйымдастырушы қамауға алынған.


