Қытайдың Нинбо қаласында Zeekr 7X электр кроссовері зарядтау станциясының жанында өртенді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ, өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Carnewschina.com басылымының мәліметінше, толығымен электрлік Zeekr 7X зарядтау станциясының жанында тұрған кезде өртенген. Видеодан көліктің оқиға кезінде зарядтау құрылғысына қосылмағанын көруге болады, сондықтан өрттің себебі белгісіз болып қалды. "Видеода көліктің жарылысқа ұқсас дыбыспен кенеттен өртенгені көрінеді. Содан кейін көліктен түтін шығып, үнемі жарылыс дыбыстары естіліп, ұшқындар мен жалын шықты. Алайда 7X толығымен жалынға оранбады", - делінген жарияланымда.
Көп ұзамай Zeekr компаниясы ресми мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, алдын ала тергеу бұл Zeekr 7X көлігі ауыр жол-көлік оқиғасына түскенін және ешқандай ресми сервис орталығында тексеруден немесе жөндеуден өтпегенін көрсетті. Өрттің нақты себебі анықталып жатыр.
Zeekr өкілдері жол-көлік оқиғасынан кейін аккумулятор батареясын, жоғары вольтты жүйені және көлік кузовын тексеруден өткізу қажеттігін еске салды. Тиісті тексеру мен жөндеуден өтпеу қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Zeekr сондай-ақ пайдаланылған электромобиль сатып алу кезінде жол-көлік оқиғасы мен жөндеу жазбаларын тексеруді ұсынды. Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аккумулятор батареясы мен жоғары вольтты блокты тексеру маңызды.
"Zeekr компаниясы өз беделіне қатты алаңдайды, өйткені бұрын оның көліктері сыртқы себептерсіз өздігінен жанбайтынын мәлімдеген. Соңғы рет компания бұл туралы 2024 жылдың мамыр айында айтып, жалпы жеткізілім 240 мың данаға жеткенін хабарлаған. Кейінгі екі жылда мұндай мәлімдемелер болған жоқ, алайда Zeekr әлі күнге дейін "отқа төзімді" бренд ретінде беделге ие", - делінген жарияланымда.


