Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) инвестициялық портфелін басқаратын барлық жеке компаниялар тамыз айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы ағымдағы инфляция деңгейінен жоғары табыстылық көрсетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстандықтардың БЖЗҚ шоттарындағы қаражаты қозғалыссыз жатпайды — олар түрлі қаржы құралдарына инвестицияланып, қосымша табыс әкеледі. Табыстылық үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен инвестициялық портфельді басқаратын алты жеке компания жауапты.
Зейнетақы активтерін басқаратын негізгі мекеме — ҚР Ұлттық банкі. БЖЗҚ деректері бойынша, 1 қыркүйекте оның басқаруында міндетті және ерікті зейнетақы жарналары есебінен құрылған шамамен 26,95 трлн теңге болды. Жыл басынан бергі табыстылық 4,2%-ды, ал жылдық — 6,17%-ды құрады.
Сонымен қатар, Ұлттық банк жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы (ЖМЗЖ) есебінен қалыптасатын жинақтарды басқарады. Шоттардағы қаражаттың жалпы сомасы 1,35 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бергі табыстылық 11,78%-ды, ал жылдық — 18,65%-ды құрады. Бұл елдегі жылдық инфляциядан (9,8%) айтарлықтай жоғары.
Жеке компаниялардың басқаруында 151,2 млрд теңгеден астам қаражат бар. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша олар мынадай нәтижелер көрсетті:
Alatau City Invest — басқаруында 24,1 млрд теңге. Жыл басынан бергі табыстылық 8,25%, ал жылдық — 13,91%;
Halyk Finance — 77,6 млрд теңге активті басқарады. Жыл басынан бергі табыстылық 9,06%, ал жылдық — 11,82%;
«Сентрас Секьюритиз» — 22,6 млрд теңгені басқарады. Жыл басынан бергі табыстылық 12,18%, ал жылдық — 17,05%;
Halyk Global Markets — портфелінде 6,6 млрд теңге актив бар. Жыл басынан бергі табыстылық 7,55%, ал жылдық — 11,3%;
BCC Invest — 19,6 млрд теңге активті басқарады. Жыл басынан бергі табыстылық 8,09%, ал жылдық — 10,95%;
Tansar Capital — 743,7 млн теңге активті басқарады. Бұл компания 2026 жылдың 8 сәуірінен бастап жұмыс істейді және осы уақыт ішінде 2,43% табыстылық әкелді.
Осылайша, Ұлттық банктегі негізгі жинақтар ең аз табыс әкелді, ал жұмыс берушілердің жарналары есебінен қаражат ең көп өсті. Сонымен бірге барлық жеке басқарушы компаниялар сәтті жұмыс істеп, инфляциядан асып түсті.
Еске салайық, 7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар өз жинақтарының 100%-ын жеке компаниялардың басқаруына беру мүмкіндігіне ие болды. Мұны істеу немесе істемеу — әркімнің жеке ісі, міндеті емес. Азаматтар ақшаны кімге және қанша аударатынын, тіпті мұны істеу керек пе, жоқ па — өздері шеше алады.
Ал жинақтарды ЖБК-дан Ұлттық банктің басқаруына қайтаруға бола ма, жоқ па — ол туралы біз осында жазған болатынбыз.


