Жұмыс беруші жалақыны уақытында және толық көлемде төлеуге міндетті. Кешіктірілген әр күн үшін қызметкерге өсімақы төленуі тиіс. Бұл туралы Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еске салып, жалақы төленбеген жағдайда қайда жүгіну керектігін түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Еңбек министрлігінің сайтында атап өтілгендей, жұмыс берушінің басты міндеттерінің бірі — қызметкерге жалақыны уақытында және толық төлеу. Төлемнің нақты күні еңбек немесе ұжымдық шартта белгіленеді, бірақ айына кемінде бір рет және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей жасалуы керек.
Жалақы кешіктірілсе не істеу керек? Министрліктің дерегінше, ең алдымен қызметкер жұмыс берушіге жүгініп, кешігу себептерін анықтап, қарызды өтеуді талап ете алады.
«Мәселе шешілмесе, қызметкер жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге құқылы. Өтінішті eOtinish жүйесі арқылы электронды түрде де беруге болады», — деді ведомствода.
Өтінішке еңбек қатынастарын және жалақы бойынша қарызды растайтын құжаттарды қоса тіркеу ұсынылады. Олар еңбек шарты, есеп айырысу парақтары, банк үзінділері, бұйрықтар және басқа да растайтын материалдар болуы мүмкін.
«Негіздер болған жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторлары заңнамада белгіленген тәртіппен бақылау іс-шараларын жүргізеді. Қарыз фактісі расталса, жұмыс берушіге бұзушылықты жою, оның ішінде жалақы бойынша қарызды өтеу туралы орындалуы міндетті нұсқама беріледі. Нұсқаманың орындалуы мемлекеттік еңбек инспекторларының бақылауында болады. Сонымен қатар жұмыс беруші қызметкерге жалақы бойынша қарызды ғана емес, кешіктірілген әр күнтізбелік күн үшін өсімақыны да төлеуге міндетті. Оның мөлшері жалақы төлеу жөніндегі міндеттеме орындалған күні қолданыста болған ҚР Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшеріне қарай есептеледі», — деп нақтылады Еңбек министрлігі.
Жұмыс берушіге қандай жауапкершілік қарастырылған? Жалақыны толық көлемде және белгіленген мерзімде төлемегені, сондай-ақ жұмыс берушінің кінәсінен өсімақыны есептемегені және төлемегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 87-бабы әкімшілік жауапкершілікті көздейді.
Айыппұл мөлшері: лауазымды тұлғаларға — 30 АЕК (129 760 теңге); шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 60 АЕК (259 500 теңге); орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 АЕК (432 500 теңге); ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 150 АЕК (648 750 теңге).


