Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысының орынбасары Жайдарбек Кұттыбаевқа қатысты үкімді қайта қарап, бас бостандығынан айыру мерзімін алты жылдан төрт жылға қысқартты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Қазинформ» МИА-ның хабарлауынша, алқа сондай-ақ осы іс бойынша айыпталушы болған Талас ауданы полиция бөлімінің бұрынғы уақытша басшысы Еркен Абаевқа берілген жазаны жеңілдеткен: бес жылдың орнына оған төрт жыл бас бостандығынан айыру тағайындалған.

Іс бойынша зардап шеккен адам — инспектор Дархан Уәлиев. Айыптау нұсқасы бойынша, Уәлиев басқа қылмыстық қудалаудың субъектісі болған: оған адамды соққыға жықты деген айыппен қылмыстық іс қозғау және ішкі істер органдарынан жұмыстан шығару қаупі төнген.

Сол кезде Талас ауданы полиция бөлімінің уақытша басшысы қызметін атқарған Еркен Абаев өз қарамағындағы қызметкерге мәселені облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Жайдарбек Кұттыбаев арқылы шешуді ұсынған. Іс материалдарына сәйкес, 5 миллион теңге үшін Уәлиевке атағын сақтап қалуға және қылмыстық жауапкершіліктен құтылуға көмектесуге уәде берілген. Алайда полицей қамауға алынып, ақшаны бергені туралы құқық қорғау органдарына хабарлаған.

Еске салайық, 18 маусымда Жамбыл облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысының орынбасары мен Талас ауданы полиция бөлімінің бұрынғы басшысы пара ісі бойынша сотталған. Сонда Жайдарбек Кұттыбаев алты жыл, ал Еркен Абаев бес жыл бас бостандығынан айырылған. Бұдан басқа, екеуіне де өмір бойы мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге тыйым салынып, арнайы атақтарынан айырылған.