Жамбыл облысының Шу аудандық соты 1991 жылдан бері өзі пайдаланып келген тұрғын үй мен жер учаскесіне меншік құқығын тану туралы ер адамның талабын қанағаттандырмады. Себебі бұл мүлік оған еңбек қызметіне байланысты қызметтік тұрғын үй ретінде берілген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, аудандық сот ер адамның аудан әкіміне қарсы үй мен жер учаскесіне жүре пайда болған меншік құқығын (приобретательная давность) тану туралы азаматтық ісін қарады.

Талап қоюшы даулы үйде 1991 жылдан бері тұрып, ұзақ уақыт бойы ашық және үздіксіз пайдаланғанын негізге алып, өзіне меншік құқығын тануды сұраған.

Алайда сот үйдің талап қоюшыға ұйымдағы еңбек қызметіне байланысты қызметтік тұрғын үй ретінде берілгенін анықтады. Мұндай үйде көп жыл тұрудың өзі мүлікті өзінің жеке меншігіндей иелену дегенді білдірмейді.

Сонымен қатар сот үйдің ұйым мүлкіне жататынын, ал ұйымның шаруашылық жүргізу құқығы тоқтатылмағанын және жоғалмағанын анықтады. Бұл құқықтың мемлекеттік тіркелмеуі де оның тоқтатылғанын көрсетпейді.

Қазіргі таңда ұйым күзетші үйлері мен оларға қызмет көрсетуге арналған жер учаскелеріне құқық белгілейтін құжаттарды ресімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сот жүре пайда болған меншік құқығын алу үшін мүлікті өзінің жеке меншігіндей иелену қажет екенін атап өтті. Бұл жағдайда талап қоюшының тұруы еңбек қатынастарымен және қызметтік тұрғын үй берілуімен байланысты болған.

Сот шешімімен тұрғын үй мен жер учаскесіне меншік құқығын тану туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.