Жамбыл облысында қаза тапқан 25 жастағы спортшы Ахмет Дукенбайдың туыстары мемлекеттік қорғау беруді өтінді. Олар өз қауіпсіздіктеріне алаңдап, қылмысқа басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін екенін тексеруді талап етіп отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қайтыс болған спортшының әпкесі Зарина Дукенбаеваның айтуынша, 1 тамызға қараған түні үйлерінің жанынан төрт-бес оқ атылған. Шамамен бір сағаттан кейін полиция қызметкерлері отбасына Ахмет Дукенбайдың ауыр халде ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған. Кейін ол көз жұмған.

Марқұмның жұбайы Алтынай Боранбайдың айтуынша, қастандықтан сәл бұрын күйеуі оны бейтаныс адамдармен жанжал болғанын ескерткен. Ол балаларды мұқият қадағалап, алысқа жібермеуді және сақ болуды өтінген.

Спортшының әкесі Серік Дукенбайұлы туыстарының өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, отбасына мемлекеттік қарулы күзет беруді талап еткен.

Бұған дейін ер адамның Түрар Рысқұлов ауданының Луговое ауылында түнгі сағат үш шамасында атылып өлтірілгені хабарланған болатын. Туыстары оған қауіп төнгенін айтып, жергілікті қылмыстық топтың қатысы болуы мүмкін екенін жеткізген. Аталған оқиға бойынша полиция сотқа дейінгі тергеуді бастап, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.