Жапон инженерлері кокос майы негізінде экологиялық авиациялық отын жасап шығарды. Сынақ барысында ол жоғары тиімділік көрсеткен, деп хабарлайды infohub.kz.
Осака қалалық университетінің мамандары дәстүрлі Jet A-1 авиациялық керосинімен араластыруға болатын биологиялық отын жасады. Бұл қоспа қозғалтқыш қуатын төмендетпейді. Қоспаны бөлме температурасында және қалыпты қысымда еріткіш әдісімен дайындайды, бұл өндіріске кететін энергия шығынын азайтады.
Шағын турбореактивті қозғалтқышта жүргізілген сынақтар қоспаның жылу тиімділігі қарапайым отын деңгейінде екенін көрсетті. Сонымен қатар, кокос қоспасы көмірсутек шығарындыларын айтарлықтай азайтады, ал көмірқышқыл газы мен азот оксидтерінің көлемін арттырмайды. Жылу сыйымдылығы төмен болғандықтан, биологиялық отынның шығыны сәл жоғары, бірақ турбиналардың жұмысы нашарламайды.
Өндіріс үшін Оңтүстік-Шығыс Азияда сатуға жарамсыз деп танылған кокос жаңғақтарын пайдалану ұсынылады. Бұл жаңа плантациялар үшін ормандарды кесуді болдырмауға мүмкіндік береді. Болашақта зерттеушілер 100 пайыз биологиялық отыннан тұратын қоспаларды сынап, олардың сақтау кезіндегі төзімділігін зерттеуді жоспарлап отыр.


