Жетісу облысының Ақсу ауданында әйелдер арасында жанжал болып, оның бірі екіншісін полиция қызметкерінің көзінше бетінен тепкен. Оқиға бейнекамераға түсіп, «Криминальный Казахстан» Telegram-арнасында жарияланған, деп хабарлайды infohub.kz.

Басылымдағы мәліметке сәйкес, сатушылар арасындағы жанжал төбелеске ұласқан. Кадрларда бір әйел жерде жатқан қарсыласына жақындап, оны бетінен тепкені көрінеді, ал қасында полиция қызметкері тұр. Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізілгені айтылады.

Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілген. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті мен жәбірленуші бұрын таныс болған.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және жанжалға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.

«Тергеу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді», — деп мәлімдеді ведомстводан.