Жетісу облысының Ақсу ауданында жергілікті сатушылар арасындағы тұрмыстық жанжал төбелеске ұласып, нәтижесінде бір әйел ауруханаға жатқызылды. Оқиға полиция қызметкерінің көз алдында болған, ал оқиғаның видеосын «Криминальный Казахстан» Telegram-арнасы таратқан... деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Кадрларда жанжалға қатысушылардың бірі жерде жатқан әйелге жақындап, оның бетіне аяғымен тепкілегені көрінеді. Сол сәтте қасында полиция қызметкері тұр.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жанжалдың себебі сатып алушылар үшін бәсекелестік болуы мүмкін. Сатушылардың бір бөлігі арнайы жабдықталған базарға ауыстырылғаннан кейін жағдай ушыққан.

Нәтижесінде әйелдердің бірі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді.

Алдын ала деректер бойынша, күдікті мен жәбірленуші бұрын таныс болған.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға және жанжалға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беруге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», — деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Тергеу қорытындысы бойынша заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

Бұған дейін «Курсив» Ақтөбе облысында 26 жастағы ер адам тойға қонақ ретінде барып, төбелестен кейін қайтыс болғанын жазған. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.