Жол-көлік оқиғасынан кейін кейбір жүргізушілер құжаттарды ресімдеуге және сақтандыру төлемін алуға көмектесуді ұсынатын делдалдарға жүгінуді жөн көреді. Алайда мұндай тәсіл қосымша қауіптерге әкелуі мүмкін. Олардан қалай сақтануға болатыны туралы «Курсив Авто» басылымына берген сұхбатында «Freedom Insurance» СК АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаев айтып берді, деп хабарлайды infohub.kz.

Керімбаевтің айтуынша, делдал жүргізушінің құжаттары мен банктік деректемелеріне қол жеткізе алады, сондай-ақ сақтандырушымен өз бетінше байланыса алады. Нәтижесінде автокөлік иесі процесті бақылауды жоғалтып, төлемнің нақты мөлшерін немесе қызметтерді төлеу шарттарын білмеу қаупіне ұшырайды. Сонымен қатар, делдалдар сақтандыру компаниялары сияқты қаржы реттеушісінің қатаң бақылауына жатпайды.

Жағымсыз жағдайларды болдырмау үшін сақтандыру компаниясына тікелей жүгінген дұрыс. Сарапшы ЖКО-дан кейін келесі әрекеттер алгоритмін ұсынады:

Зардап шеккендер бар-жоғын тексеріңіз, авариялық сигналды қосыңыз және авариялық тоқтау белгісін қойыңыз. Қажет болса, жедел жәрдем мен полицияны шақырыңыз.

Еуропаттаманың қолайлы екенін анықтаңыз. Оны екі автокөлік қатысқан, зардап шеккендер жоқ, қатысушылар апат мән-жайларымен келіскен және залал 100 АЕК-тен (2026 жылы 432,5 мың теңге) аспаған жағдайда қолдануға болады.

Апат орнын тіркеңіз: автокөліктерді, зақымдарды, олардың жолдағы орналасуын және жақын маңдағы жол белгілерін суретке түсіріңіз.

Өтініштегі деректерді тексеріңіз. Күні, уақыты, ЖКО орны, қатысушылардың деректері немесе зақымдардың сипаттамасындағы қателер сақтандыру оқиғасын қарауды қиындатуы мүмкін.

Сақтандырушыға ресми цифрлық сервис немесе басқа қолжетімді арна арқылы өтініш жіберіңіз және өтініштің мәртебесін бақылаңыз.

Осындай сервистердің бірі — Freedom Insurance Еуропаттама бойынша ЖКО ресімдеу үшін қолданатын DTP.kz. Компанияның деректеріне сәйкес, сервис арқылы құжаттарды толтыру орта есеппен 15–20 минутты алады, ал төлем бес жұмыс күні ішінде түсуі мүмкін.

Бұған дейін «Курсив Авто» қазақстандық жүргізушілерге КАСКО полисін өз бетінше жинауға рұқсат етілгенін хабарлаған болатын.