Қазақстанның автомобиль жолдары саласында 33 сотқа дейінгі тергеу басталды, ал алдын ала есептелген шығын мөлшері 8 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Бас прокуратураның бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев үкіметтегі кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жандос Өмірәлиевтің айтуынша, жолдарды жоспарлау мен салудан бастап пайдалануға беруге дейінгі әртүрлі кезеңдерде жүйелі заңбұзушылықтар анықталған. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сонымен қатар негізсіз шарттар мен мемлекеттік сатып алу жоспарларын жою есебінен 36 млрд теңге көлеміндегі шығыстың алды алынды. Атап айтқанда, бұрын жөнделген жолдарға, оның ішінде мердігерлердің кепілдік міндеттемелері әлі күшіндегі нысандарға жаңа тендерлер жариялау фактілері анықталды.

Кеңесте көлік министрі Нұрлан Сауранбаев битумды тасымалдау және сақтау жүйесін түгендеу қорытындылары туралы баяндады. Оның айтуынша, өнім сапасын арттыру, зауыттарды біркелкі жүктемеумен қамтамасыз ету және сипаттамалары жақсартылған полимермен модификацияланған битум өндірісіне көшу жолдары әзірленген. Каспий битум және Павлодар мұнай-химия зауыттары тиісті өтінімдер болған жағдайда 50/70 және 70/100 маркалы өнімді, сондай-ақ полимермен модификацияланған құрамдарды шығаруға дайын.

Жол жабынының сақталуы үшін салмақ-габариттік бақылауды күшейту көзделген. Салмақ-габариттік бақылау бұзушылықтарын автоматты түрде тіркеуді, оның ішінде автоматтандырылған өлшеу станцияларын айналып өтуді заңнамалық тұрғыдан бекіту және артық жүктеме үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі ұсыныстар қаралды. Цифрлық мониторинг құралдарын E-Kolik бірыңғай жүйесіне интеграциялау жалғасып жатыр.

Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр Олжас Бектенов автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобына қараша айының соңына дейін талқылауды аяқтап, кешенді ұсыныстар пакетін дайындауды тапсырды. Премьердің айтуынша, ұсынылып отырған шараларды, оның ішінде нормативтерді қайта қарауды, құрылыс материалдарының сапасын арттыруды және жаңа технологияларды енгізуді жан-жақты бағалау қажет.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласындағы ахуалды абсурд деп атап, орасан зор табыстың қолдан сусып кетіп жатқанын айтқан. Ол қазіргі жағдайды «тұйыққа апарар жол» деп бағалады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында елдің көлік саласындағы ахуалы туралы пікір білдірген. Мемлекет басшысының сынынан кейін Көлік министрлігі Қазақстанның негізгі көлік бағыттарында жүк тасымалына бақылау күшейтілгенін мәлімдеді.