Вице-премьер — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен қаржы министрі Мәди Такиев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жаңа әдістемесі бойынша өздерінің әл-ауқат деңгейін бағалап, мемлекеттік жәрдемақыға үміткер бола алатынын білмекші, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомство басшыларының түсіндіруінше, олар әзірге әлеуметтік жәрдемақы санаттары бойынша табысын есептеп көрмеген, алайда болашақта мұны жасауды жоспарлап отыр.

«Тексереміз. Неге болмасқа», — деп қысқа жауап берді вице-премьер.

Такиев өз кезегінде әл-ауқат деңгейін есептейтін калькулятор Қазақстанның әрбір азаматына Еңбек министрлігінің сайтында қолжетімді екенін атап өтті.

Еске салайық, Қазақстанда отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейі баллмен бағаланады. Бұл ретте табыс, тұрғын үй, көлік, жұмыспен қамтылу, кредиттер, әлеуметтік тәуекелдер және басқа да көрсеткіштер ескеріледі.

Әдістеме бес санатты қарастырады:

A — әл-ауқаты жоғары (1800 баллдан бастап): отбасының табысы жоғары, бірнеше жылжымайтын мүлік нысаны мен көлігі, бизнесі немесе активтері бар, қызметтермен толық қамтылған және тұрақты жұмыспен қамтылған;

B — қанағаттанарлық (730-нан 1799 баллға дейін): отбасының табысы орташа немесе одан жоғары, өз тұрғын үйі мен көлігі бар, тұрақты жұмыспен қамтылған және қызметтерге (медицина мен білім) базалық қолжетімділігі бар;

C — қанағаттанарлықсыз (–30-нан 729 баллға дейін): отбасының табысы төмен немесе тұрақсыз, бір тұрғын үйі болуы мүмкін, кредиттері ықтимал, ішінара жұмыспен қамтылған немесе мүлдем жұмыссыз, сондай-ақ жекелеген әлеуметтік тәуекелдері (балалар, денсаулық және т.б.) бар;

D — дағдарысты (–460-тан –29 баллға дейін): жеткілікті табысы, өзінің сапалы тұрғын үйі мен қаржылық жастықшасы, тұрақты ақылы жұмысы, сондай-ақ базалық қажеттіліктерге бос ақшасы жоқ;

E — шұғыл ( –459 баллға дейін): табысы мүлдем жоқ, қарыз жүктемесі жоғары, оның ішінде кредиттер бойынша мерзімі өткен берешектер, тұрғын үйі жоқ немесе тұрғын үй жағдайы қолайсыз, жұмыспен қамтылмаған, ауыр әлеуметтік тәуекелдері (көпбалалылық, мүгедектік, қызметтерге қолжетімсіздік) бар.

Бұған дейін «Курсив» 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін мұқтаждық критерийлеріне байланысты шамамен 522 мың қазақстандық мемлекеттік жәрдемақыдан айырылуы мүмкін екенін жазған. Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанда әл-ауқат деңгейі жоғары («А») шамамен 77 мың азамат бар, ал қалған 445 мыңы ауқатты санатқа («В») жатады. Алайда Еңбек министрлігі әлі де осы санаттағы азаматтарды нақты есептеумен айналысуда.