Жаңа Гвинеяның ормандарынан улы емес жыланның жаңа түрі табылып, оған Guns N' Roses тобының гитарисі Слэштің құрметіне ат қойылды. Бұл жаңалық көп жылғы зерттеулердің нәтижесінде ашылды, деп хабарлайды infohub.kz.

Жылан 2006 жылы түнгі экспедиция кезінде табылған болатын. Герпетолог Крис Остин үлкен ағаштың түбінен бейтаныс дарақты байқаған, алайда ол кезде ғалымдар бұл жеке түр екенін болжамаған.

2026 жылы американдық зерттеушілер сыртқы белгілеріне салыстырмалы талдау жасап, генетикалық тест жүргізді. Lielaphis slashi туыстас түрлерден тек қабыршақ санымен ғана емес, генетикалық тұрғыдан да ерекшеленетіні анықталды. Сонымен қатар, олардың мекендейтін ортасында да айырмашылықтар бар екені белгілі болды.

Жаңа түрдің ұзындығы шамамен 71 сантиметрге жетеді, түсі қызғылт-қоңыр. Жылан улы емес және адамға қауіпсіз. Бұл тұқымның өкілдері түнгі тіршілік жүргізіп, үлкен ағаштардың түбінде аң аулайды.

Lielaphis slashi атауы зерттеу авторларының бірі, герпетолог Сара Руанның арқасында пайда болды. Ол бала кезінен Guns N' Roses тобын жақсы көрген, сол уақытта оның бауырымен жорғалаушыларға деген қызығушылығы да оянған.

Руан 12 жасында Reptiles Magazine журналының мұқабасынан Слэшті көрген: музыкант қолында өзінің торлы питонын ұстап тұрған. Кейін бұл фотосурет ғалымның жаңа түрге ат таңдаған кезде есіне түскен.

Руанның айтуынша, Слэш мұражайларға, хайуанаттар бағына және табиғат тарихына деген сүйіспеншілігі туралы жиі айтатын, сондай-ақ бала кезінде көшеде жылан іздегенді ұнататынын да айтқан. Бұл қызығушылықтар зерттеушіге жақын болып шыққандықтан, ол гитаристің есімін түр атауында мәңгілікке қалдыруды жөн көрген.

Слэштің өзі мұндай құрмет ол үшін күтпеген жағдай болғанын мойындады. «Бауырымен жорғалаушыларды ұзақ уақыт жақсы көретін адам ретінде, мен өте ризамын және қатты толқып тұрмын. Бұл өте керемет, мен мұндай сәттің келетінін ешқашан ойламаппын», — деді музыкант.

Ғалымдар Lielaphis slashi туралы әзірге аз біледі. Түнгі жыландар жақсы жасырынады, ал Жаңа Гвинеяның ормандары әлі де жеткілікті зерттелмеген. Арал орасан зор биоалуантүрлілігімен ерекшеленеді, бірақ оның экожүйелеріне ауыл шаруашылығы мен пайдалы қазбаларды өндіру қауіп төндіруде.