Жыл басынан бері Қазақстанда полицияның 102 жедел шақыру нөміріне азаматтардан 4 миллион 117 мыңнан астам өтініш түсті. Ел бойынша күн сайын шамамен 12–15 мың қоңырау өңделеді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, 102 арнасы — халықтың ішкі істер органдарымен байланысуының ең сұранысқа ие жолдарының бірі. «Ел бойынша күн сайын шамамен 12–15 мың азамат өтініші түсіп, өңделеді. Жыл басынан бері 4 миллион 117 мыңнан астам өтініш келіп түсті. 102 нөміріне түскен барлық қоңырау ақпараттық жүйеде автоматты түрде тіркеліп, полицияның кешенді күштерімен өңделеді, әрі ешбір хабарлама назардан тыс қалмайды», — деп мәлімдеді ІІМ.

Тікелей 102 телефон нөмірінен бөлек, «полиция жақын жерде» қағидатын жүзеге асыру аясында халық үшін өтініш қабылдаудың қосымша арналары қарастырылған. Олардың қатарында омниканальды өтініш қабылдау жүйесі, «Police 102» мобильді қосымшасы, «SOS» дабыл түймесі және «Заң және Тәртіп» сервисі бар.

Ведомствоның атап өтуінше, бұл арналар полицияны оқиғалар мен құқық бұзушылықтар туралы жедел хабардар етуге мүмкіндік береді. Түскен хабарламалар оқиғаның сипаты мен болған жеріне қарай тексеру және тиісті шара қолдану үшін ішкі істер органдарының құзыретті бөлімшелеріне жіберіледі.