Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында «Жастар» стадионы реконструкциядан кейін пайдалануға берілді. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нариман Төреғалиев, тапсырыс беруші мен мердігер ұйымның басшылары, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, өңір басшысы жиналғандарды ел тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында жаңарған спорт нысанының ашылуымен құттықтады. Нариман Төреғалиев бұқаралық спортты дамыту мен ұлт денсаулығын нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірімізде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ауқымды жұмыс атқарылды. 2023-2026 жылдары 132 жаңа әлеуметтік нысан пайдалануға берілді, оның ішінде 24 спорт құрылысы салынды. Барлық аудан орталықтары мен ірі ауылдар дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен қамтылды. Бүгінде шағын елді мекендерде де заманауи спорт нысандары бой көтеріп жатыр. Жаңарған "Жастар" стадионы жас спортшылар үшін жаңа жетістіктер мен үлкен жеңістер алаңына айналатынына сенімдімін», – деді облыс әкімі.

Көпфункционалды кешен «КПО б.в.» компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында қайта жаңартылды. Мұнда заманауи спорт залы, FIFA стандарттарына сай футбол алаңы, ұлттық спорт түрлері мен жаттығуға арналған алаңдар, жүгіру жолдары, сондай-ақ экстремалды спорт түрлеріне арналған арнайы аймақ қарастырылған.

Жұмысты уақытында және сапалы орындағаны үшін облыс әкімі мердігер ұйым – «Қалдығайты» компаниясына алғыс хат табыс етті.

Өңір басшысы стадионның спорт инфрақұрылымымен танысып, мекеме басшылығымен, жаттықтырушылармен және тәрбиеленушілермен әңгімелесті. Жаңартылған құрмет тақтасында әлем чемпиондары – Бөрлі ауданының тумалары Темірлан Көлбай, Гүлдана Әлмұхамбетова, Меруерт Байниязова, Мәлика Мұқашева және Азария Хаммидуллинаның суреттері мен жетістіктері орналастырылған. Облыс әкімі бұл бастаманы оң бағалап, атақты жерлестердің үлгісі өскелең ұрпаққа қосымша серпін беріп, жас спортшыларды жаңа белестерге жігерлендіретініне сенім білдірді.

Айта кетейік, «КПО б.в.» компаниясының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалары аясында Ақсай қаласында оңалту орталығы, оқушылар мен жастар сарайы да салынып жатыр.