Ақтауда нөсер жаңбыр көшелерді су басуға әкеп соқты — қалалық қызметтер жолдарда жиналған суды күшейтілген режимде сорып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің қалалық әкімдікке сілтеме жасап хабарлауынша, жаңбыр суын сору жұмыстары Ақтау әкімі Мақсат Мұқаштың тапсырмасымен жүргізіліп жатыр. Ұзаққа созылған жауын-шашын салдарынан су жүріс бөлігінде жиналып, көлік қозғалысын қиындатқан.

«Коммуналдық қызметтер мен арнайы техника қаланың бірнеше учаскесінде күшейтілген режимде жұмыс істеп, көлік қозғалысын қиындатқан жаңбыр суын сорып жатыр. Атап айтқанда, жұмыстар 17 және 18А шағын аудандарының қиылысында, «Хазар базары» маңында, 29 мен 29А, 13 пен 15, сондай-ақ 11 мен 14 шағын аудандарының арасында жүргізілді», — делінген әкімдік хабарламасында.

Нөсер салдарын жоюға 20-ға жуық арнайы техника мен 50-ге тарта жұмысшы жұмылдырылды. Ведомствода атап өткендей, жұмыстар күшейтілген режимде жүргізілді.

«Қазіргі таңда қаладағы ахуал жауапты қызметтердің бақылауында. Жаңбыр суын сору және жолдарды ретке келтіру жұмыстары жалғасуда», — деп мәлімдеді Ақтау әкімдігінде.