Ақтөбеде бала күтімі бойынша демалыстағы ер адам сот арқылы алимент бойынша берешекті қайта есептеуге қол жеткізді: мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот жеке сот орындаушысының бас тартуын заңсыз деп таныды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақтөбе облысы соттарының ресми Telegram-арнасында көрсетілгендей, талап қоюшы алимент бойынша берешекті қайта есептеуден бас тартуға шағымданған. Оның айтуынша, 2024 жылдың ақпанынан бастап ол бала күтімі бойынша демалыста, алайда жұмыс берушімен еңбек қатынастары тоқтатылмаған, жұмыс орны сақталған, ал алимент алып отырған жәрдемақыдан төленген.
Берешекті анықтау кезінде сот орындаушысы борышкердің табысы туралы мәліметтер жоқ деп есептеп, оны Қазақстан Республикасы бойынша орташа айлық жалақыға қарай есептеген. Кейін қайта есептеуден бас тартылды.
Іс материалдарын зерделей келе, сот мұндай тәсіл заң талаптарына сай емес деген қорытындыға келді. Сот түсіндіргендей, берешекті орташа жалақыға қарай есептеу борышкер шынымен жұмыс істемей, табысы болмаған жағдайда ғана қолданылады. Бұл жағдайда талап қоюшы жұмыссыз болып саналмайды, өйткені ол жұмыс орны сақтала отырып, бала күтімі бойынша демалыста болған.
Сонымен қатар сот бала күтімі бойынша демалыс ата-ананы баласын асырау және алимент төлеу міндетінен босатпайтынын атап өтті. Алайда мұндай демалыстың өзі берешекті ел бойынша орташа жалақыға қарай есептеуге негіз бола алмайды.
Осы мән-жайларды ескере отырып, сот берешекті қайта есептеуден бас тартуды заңсыз деп таныды, тиісті қаулыны жойды және жеке сот орындаушысын борышкердің бала күтімі бойынша демалысқа шыққанға дейінгі орташа айлық жалақысына қарай берешекті жаңадан есептеуге міндеттеді. Шешім заңды күшіне енді.


