Қазақстан Ұлттық Банкі көп кезеңді алаяқтық схемасы туралы ескертті: қылмыскерлер азаматтарды олардың атына рәсімделген кредиттер мен цифрлық сенімхаттармен қорқытып, қоңырау шалуға және деректерін беруге мәжбүрлейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алаяқтар қазақстандықтарға азаматтарға арналған цифрлық үкімет сервисінің немесе екінші деңгейдегі банктердің атынан хабарлама жібереді. Онда алушының атына "цифрлық сенімхат" рәсімделгені, оны бөгде адамдар пайдаланып жүргені не кредит мақұлданғаны жазылады. Жағдайды анықтау үшін адамға көрсетілген нөмірге қоңырау шалу ұсынылады. Қазақстан Ұлттық Банкінің ескертуінше, алаяқтықтың көп кезеңді схемасы дәл осылай басталады.

"Мұндай хабарламалардың басты мақсаты — адамды үрейлендіріп, оны көрсетілген нөмірге өзі қоңырау шалуға итермелеу. Әңгіме барысында қылмыскерлер оған "сенімхатты жоюды", "кредиттік өтінімді бұғаттауды" немесе "ақша қаражатын қорғауды" ұсынады.

Одан әрі алаяқтар өздерін Ұлттық Банктің, арнайы мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтың атынан құқыққа қайшы әрекеттер жасалып жатқанын: кредиттер рәсімделіп, компаниялар тіркеліп, күдікті қаржы операциялары жүргізіліп не ақша қаражатын ұрлауға әрекет жасалып жатқанын хабарлай алады.

Осындай әрекеттердің алдын алу сылтауымен азаматты СМС-тегі кодты айтуға, деректемелерді немесе банк картасының мәліметтерін беруге, мобильді қосымша орнатуға, ақшаны "қауіпсіз", "резервтік" не "жинақ" шотына аударуға немесе мобильді құрылғыға қашықтан қатынау беруге көндіреді", — делінген хабарламада.

Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының банк, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері банк карталарының деректерін, СМС-тегі кодтарды, карталардың немесе қосымшалардың PIN-кодтарын сұрамайтынын, ақшаны "қауіпсіз шоттарға" аударуды ұсынбайтынын не мобильді құрылғыға қашықтан қатынау қосымшаларын орнатуды талап етпейтінін хабарлайды.

"Мұндай хабарламалар келгенде оларда көрсетілген нөмірлерге қайта қоңырау шалуға, сілтемелерге өтуге немесе бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындауға болмайды. Ақпаратты тексеру үшін тиісті банктің немесе азаматтарға арналған цифрлық үкімет сервисінің ресми Байланыс орталығына жүгіну қажет.

Ұлттық Банк қызметкерлері аудио- және бейнеқоңырау жасамайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, ақша қаражатын пайлық инвестициялық қорларға және өзге де қаржы өнімдеріне салуды ұсынбайтынын, ақша қаражатын сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу жүргізбейтінін еске саламыз.

Егер алаяқтық әрекеттерге тап болсаңыз, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуді қатаң ұсынамыз. Кеңес алу үшін Ұлттық Банктің Байланыс орталығына 1477 қысқа нөмірі арқылы хабарласуға болады", — деп қосты Ұлттық Банкте.