Алматы атмосферасына жыл сайын 189 мың тоннаға жуық ластағыш зат тарайды. Оның шамамен 60 пайызы, яғни жылына 113 мың тоннаға жуығы автокөлікке тиесілі. Бұл туралы мегаполис әкімдігі экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының деректеріне сілтеме жасап хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Ведомство көлік атмосфералық ауаны ластайтын жалғыз көз емес екенін атап өтті. Суық мезгілде ауаға қосымша салмақ көмір мен отынмен жағылатын жеке үйлерден, сондай-ақ қатты және сұйық отынды пайдаланатын нысандардан, оның ішінде моншалар мен қоғамдық тамақтану орындарынан, атап айтқанда шашлық жасайтын жерлерден түседі.
Сонымен қатар мамандардың айтуынша, ауа сапасына Алматының табиғи ерекшеліктері де әсер етеді. Қала Іле Алатауының етегінде орналасқан. Қыста, әсіресе желсіз күндері мұнда температуралық инверсия пайда болады: жылы ауа қабаты шығарындылардың таралуына кедергі жасайды, сол себепті ластағыш заттар атмосфераның төменгі қабаттарында жинақталады.
Әкімдік ауа сапасын жақсарту үшін Алматыда жаңа экологиялық талаптарды кезең-кезеңімен енгізу көзделгенін еске салды. Атап айтқанда, 2025 жылғы 30 желтоқсанда бекітілген атмосфералық ауаны қорғау қағидалары стационарлық ластау көздерін бақылауды күшейтуді, газ тазартатын жабдықты қолдануды және газдандырылған аудандарда қатты және сұйық отынды пайдалануды шектеуді көздейді.
Жеке бағыт көлік шығарындыларын азайтуға байланысты. Қалада автобус паркін жаңарту жалғасып, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар желісі кеңейіп келеді. Бұл шаралар жеке көлікпен жүруге баламаны дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ Алматыда сәуірден бастап шығарындылары төмен аймақтың (LEZ) пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Пилоттық кезеңде қатысу ерікті негізде қарастырылған, кіру ақысы, айыппұлдар мен қозғалыс шектеулері енгізілмейді. Жоба автокөлікке қойылатын экологиялық талаптарды одан әрі қолдану тетіктерін пысықтауға мүмкіндік береді.


