Алматы — Астана трассасында көлік қозғалып келе жатқанда BMW люгінен пиротехникалық заттарды атқан жолаушының әрекеті әшкереленді. Полиция сапарға қатысқандардың барлығын анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталының мәліметінше, полиция қызметкерлері Алматы облысы Қарасай ауданында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактісі түсірілген бейнежазбаға қатысушыларды анықтады. Кадрларда бірнеше көлік Алматы — Астана трассасымен келе жатқаны көрінеді.

«Олар 3 қазан күні шамамен 00:30-да Жібек Жолы ауылындағы мейрамханадан шығып, Алматы — Астана автожолымен жүргені анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке Еркебұлан Жолдасбай, Бекарыс Махсетов, Ержан Жұмалиев және Ардақ Тұрғанбай тартылды. Жүргізушілерге қатысты жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу және бұзақылық фактілері бойынша барлығы 13 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, BMW көлігінің люгінде отырып пиротехникалық заттарды атқан Мейірбек Базарымбетовтің жеке басы анықталды. Оған қатысты әкімшілік хаттама жасалды», — делінген хабарламада.

Осылайша, оқиғаға қатысушыларға қатысты барлығы 14 әкімшілік хаттама толтырылды.

Материалдарды қарау нәтижесінде сот бұзушыларға 10 тәулік қамау түріндегі жаза тағайындады.

«Полиция еске салады: жолдардағы көрсетілімді және қауіпті мінез-құлық барлық қозғалыс қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Мұндай бұзушылықтар полицияның ерекше бақылауында», — деп қосты ведомство.