Алматыда «Жетісу-2» жастар комьюнити-орталығының экохабы базасында «Қалдықты сұрыпта — табиғатты сақта!» экологиялық акциясы өтті. Іс-шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылып, жастар мен қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, акцияға қатысушылар жинаған тұрмыстық қалдықтарын әкеліп, арнайы контейнерлерге сұрыптап салды және қайталама шикізатты тапсыру үшін фандоматты пайдаланды. Комьюнити-орталық қызметкерлері қоқысты бөлек жинаудың және оны одан әрі қайта өңдеудің маңызы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы тазалық пен табиғатқа ұқыпты қарау біржолғы акция емес, қоғамдық мәдениеттің ажырамас бөлігі және әр азаматтың күнделікті өмірінің бөлшегі болуы керектігін бірнеше рет атап өткен.

Алматыда бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қала әкімі Дархан Сатыбалды мегапостың абаттандырылуына, экологиялық инфрақұрылымды дамытуға және таза әрі жайлы қалалық орта құруға бағытталған жастар бастамаларын қолдауға ерекше көңіл бөледі. Бұл жұмыстың практикалық құралдарының бірі — жастар комьюнити-орталықтары базасында экологиялық кеңістіктерді дамыту.

Айта кетейік, «Жетісу-2» комьюнити-орталығы базасындағы экохаб 10 қыркүйекте ашылып, Алматыдағы осындай үшінші экологиялық кеңістік болды. Мұнда пластик, алюминий, қағаз және өзге де қайта өңделетін материалдарды бөлек жинауға арналған 10 арнайы контейнер орнатылған.

«Біздің міндетіміз — қалдықтарды сұрыптауды күнделікті өмірдің дағдылы бөлігіне айналдыру. Жастар біржолғы экологиялық акцияларға ғана қатысып қоймай, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың неге маңызды екенін түсінгенін қалаймыз. Экохаб ауданның барлық тұрғындары үшін ашық және экологиялық білімді бірден тәжірибеде қолдануға болатын алаңға айналып келеді», — деді «Жетісу-2» комьюнити-орталығының жетекшісі Айбек Берікболұлы.

Алматыда жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру жұмыстары аясында бұған дейін 15 мыңнан астам адамды қамтыған 110-нан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылғанын атап өтеміз.

Болашақта экохаб алаңында қалдықтарды қайта өңдеу мәдениетін дамытуға және жастарды табиғатты қорғау бастамаларына тартуға бағытталған экологиялық акциялар, білім беру кездесулері мен практикалық іс-шаралар жалғасады.