Алматыда қала тұрғындарына газ жабдығын тексеру қызметін таңып, айыппұлмен қорқытатын жағдайлар жиілеп кетті. Мұндай ұйымдарға қатысты көптеген шағым түскенін қаланың Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының қазандықтар мен газ шаруашылығы нысандарын мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінің жетекшісі Дәурен Дүйсекенов газ тұтынатын жүйелерге, әсіресе түтін құбырлары мен үйішілік газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуді тек аттестатталған ұйымдар ғана жүргізуге құқылы екенін түсіндірді.

«Бүгінде Қазақстан бойынша мұндай ұйымдар өте көп. Қалай болғанда да шарт міндетті түрде жасалуы керек, ал оған қол қойылғаннан кейін тексеру жүргізген ұйымдар тексеру актісін беріп, өз баға тізбесін ұсынуға тиіс. Бағаға келер болсақ, бұл бәсекелестік орта болғандықтан, әр ұйым өз бағасын қояды. Сіз кез келген басқа ұйымға жүгіне аласыз. Сізге келіп, жөндеу жұмыстарын, тексеру жүргізуді және т.б. ұсынған ұйымға міндетті түрде жүгінудің қажеті жоқ», — деді Дүйсекенов.

Оның айтуынша, жұмыстар орындалғаннан кейін жұмыс сапасы мен материалдарды тексеріп, қажет болса, одан әрі ынтымақтастық туралы шешім қабылдау керек.

«Өздері келіп, өздерін ұсынып, таңып жатқан ұйымдарға қатысты шағым өте көп түседі. Мұндай жағдайда сізге психологиялық қысым жасалса, айыппұлмен қорқытса, құқық қорғау органдарын шақырып, жағдайды сол жерде анықтай аласыз. Себебі өз қызметін таңып жатқан ұйымдарға қатысты шағым көп түседі. Біріншіден, осы. Екіншіден, ұйымнан құжаттарды — оның бұл жұмыстарды жүргізуге құқығы бар-жоғын, яғни газ тұтынатын жүйелерге техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізу құқығына аттестаты бар-жоғын талап етуге құқығыңыз бар. Үшіншіден, ұйым қызметкері өзінің осы компанияның өкілі екенін растайтын куәлікті көрсетуі керек», — деп атап өтті спикер.

Ол Алматының Төтенше жағдайлар департаменті өнеркәсіптік ұйымдарға бақылау-қадағалау қызметін жүргізетінін, ал үйішілік газ жабдығы Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй саясаты басқармасының қарауында екенін қосты. Егер тұтынушыларда жабдықты тексеру және жөндеу қызметін көрсететін компаниялардың қызметіне қатысты сұрақтар немесе даулы мәселелер туындаса, олар жоғарыда аталған басқармаға жүгіне алады.