Алматы метрополитенінің тасымалдау қабілетін арттыру үшін қосымша 10 электр жылжымалы құрамды кезең-кезеңімен сатып алу көзделген. Алғашқы екі құрам 2026 жылдың желтоқсанында келеді деп күтілуде, қалған сегізі екі жыл ішінде түседі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Метрополитен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны NUR.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында алғашқы екі құрам 2026 жылдың желтоқсанында жеткізіліп, олар 2027 жылдың ақпанынан бастап пайдалануға берілетінін айтты. «Бұл желідегі пойыздар санын көбейтіп, станциялардың жүктемесін ішінара азайтуға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді кәсіпорында.
Қалған құрамдарды сатып алу мына мерзімдерге жоспарланған: үш құрам — 2027 жылы, бес құрам — 2028 жылы.
Сонымен қатар «Метрополитенде» қозғалыс аралығын қысқарту жоспарланбайды. Тасымалдаушының баспасөз қызметі атап өткендей, жолаушыларды тасымалдауға тартылған электр пойыздарының саны мен қозғалыс аралығы жолаушылар ағыны мен жылжымалы құрамның техникалық дайындығын ескере отырып, қолданыстағы қозғалыс кестесімен айқындалады.
«Метрополитеннің тасымалдау қабілетін арттыру және жолаушыларды үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында күн сайын таңғы және кешкі қарбалас уақытта желіде қозғалыс аралығы 3 минут 27 секундқа дейінгі 14 электр пойызы қатынайды (06:54-тен 09:12-ге дейін және 16:00-ден 19:50-ге дейін). Қалған уақытта желіде қозғалыс аралығы 6 минут 54 секунд болатын 9 электр пойызы жүреді», — деп хабарлады «Метрополитенде».
Бұған дейін Алматы тұрғындары «Бауыржан Момышұлы» метро станциясындағы үлкен кезекті бейнеге түсіріп алған болатын. Көлік басқармасы мұны жолаушылардың кейбіреуінің мобильді қосымшалар арқылы жол ақысын төлеуде қиналуымен және шотында қаражаттың жеткіліксіз болуымен, сондай-ақ бірінші вестибюльдің жоспарлау ерекшеліктері жолаушылар ағыны көп уақытта өткізу қабілетін шектейтінімен түсіндірді.


