Алматы облысында қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін бес адам әкімшілік қамаудың ең ұзақ мерзіміне тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Қарасай аудандық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бірнеше адамға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдарды қарады.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 24 қазанда сағат 01:00 шамасында Шамалған ауылындағы Байтұрсынов көшесінде аталған адамдар көліктерді басқарып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттер жасаған, өзге көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіріп, жол қозғалысына қатысушыларды қауіпке душар еткен.
Істі қарау барысында олардың барлығы кінәсін мойындап, жасаған әрекеттеріне өкініп, соттан неғұрлым жеңіл әкімшілік жаза тағайындауды сұраған.
Сот қаулысымен бес адам Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 10 тәулікке қамау түріндегі жаза тағайындалды. Бұл — осы баптың санкциясында көзделген ең ұзақ мерзім.
Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ.


