Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Төле би ауылының тұрғындары алкогольден бас тарту бастамасына қосылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Жетінші арна» хабарлауынша, жаз мезгілінде Төле би ауылы тау туризмінің танымал орны саналады. Жақында ауыл тұрғындары алкогольден бас тартқан, енді мұнда ішімдік сатып алу мүмкін емес. Жергілікті кәсіпкерлер бастаманы қолдап, алкогольдік сусындарды дүкен сөрелерінен толығымен алып тастады.
«Біз басқа ауылдарға қарап, олардың үлгісін ұстануды шештік. Қазір бізде ішімдік ішетін адамдар іс жүзінде жоқ. Көшеде мас адамды кездестіре алмайсың. Ауылда жеті дүкен жұмыс істейді, олардың бірде-бірінде тіпті темекі де сатылмайды», — деді Төле би ауылының тұрғыны Амангелді Сахиев.
Жалпы өңірдегі 24 елді мекен жобаға қосылды. Полиция дерегінше, ішімдіктен бас тартқан тоғыз ауылда соңғы үш жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
«Төле би ауылында 1,5 мыңға жуық адам тұрады. Елді мекен алкогольсіз ауыл мәртебесін алғаннан бері мұнда бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Сонымен қатар бастамаға Қырбалтабай және Алмалы ауылдарының тұрғындары да қосылып, олар да алкогольсіз елді мекен мәртебесін алды», — деп атап өтті Еңбекшіқазақ ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Біржан Бекзат.


