Алматыда полиция қаладағы құрылыс дүкендерінің бірінде әріптесімен төбелескен 19 жастағы қызметкерді ұстады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, қаладағы құрылыс дүкендерінің бірінде әріптестер арасында жанжал шығып, оның барысында ер адам әйелге қатысты күш қолданған.

«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. 19 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, оқиғаның қосымша мән-жайларын анықтауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, әйелдің де әріптесіне соққы жасағаны тіркелді. Оның әрекетіне құқықтық баға беріледі», — делінген хабарламада.

Полиция құқық қорғау органдары қылмыстық істі тіркемеген және сот-медициналық сараптама тағайындамаған деген тараған қауесеттің шындыққа сай келмейтінін қосты.

«Тергеу жалғасуда. Оқиғаның барлық мән-жайы объективті және жан-жақты анықталуда», — деп мәлімдеді ведомствода.