Алматыда жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімін кеңейтіп, оған тағы 27 нысанды қосу жоспарлануда. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Мегаполис әкімдігінің баспасөз қызметінің дерегінше, арнайы комиссия тарихи, сәулеттік және мәдени құндылығы бар тұрғын және қоғамдық ғимараттарды тексеруге кірісті. Бірінші кезеңде зерделеу үшін 27 нысан іріктелді.
Тізімге Satbayev University-дің бас оқу корпусы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректораты, Ұлттық банк ғимараты, Абылай хан даңғылындағы бұрынғы Кеңестер үйі, Орталық мәдениет және демалыс саябағының аркасы, ЦУМ-ның ескі корпусы, Чайковский атындағы Алматы колледжі, Геология ғылымдары институты, Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы, Киров атындағы зауыттың тұрғын үйлері, Нұрғиса Тілендиев пен Дінмұхамед Қонаевтың мемориалдық мұражайлары, «Атакент» кіреберіс аркасы, сондай-ақ Республика алаңы енді.
Комиссия осы ғимараттар мен құрылыстардың жай-күйін зерделеп, одан кейін қайсысын жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне қосуға ұсынуға болатынын айқындайды.
Әкімдікте нақтылағандай, бүгінде Алматыда мемлекет қорғауында 160 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Оның 34-і республикалық, 126-сы жергілікті маңызға ие.
«Басым бөлігін сәулет және қала құрылысы ескерткіштері құрайды — 91 нысан. Тағы 50-і монументалды өнерге, 12-сі археологияға жатады, бесеуі ансамбльдер мен кешендер, екеуі қасиетті маңызға ие», — деп хабарлады әкімдікте.
Ескерткіштердің көбі Медеу және Алмалы аудандарында шоғырланған — тиісінше 65 және 50.
Тарихи ғимараттар мен құрылыстарды сақтау үшін олардың айналасында қорғау аймақтары белгіленіп, онда құрылысқа шектеулер қолданылады. Бұл ескерткіштердің өзін ғана емес, оларды қоршаған тарихи құрылысты да қорғауға мүмкіндік береді, деп атап өтті әкімдікте.


