Ақтөбеде қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жандос Әлімовке қатысты екінші айыптау үкімі шықты: бұл жолы ол әйелінің қарындасына заңсыз пәтер берген, кейін сол тұрғын үй сатылып кеткен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Биылғы жылдың сәуір айында Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жандос Әлімов қызмет өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Тергеу деректеріне сәйкес, ол тұрғын үй кезегінде тұрмаған азаматтарға пәтерді заңсыз алуға көмектескен, кейін алынған тұрғын үй жекешелендіріліп, сатылып кеткен. Заңсыз баспанаға қол жеткізгендердің қатарында тұрғын үй қатынастары бөлімінің қызметкерлері мен сотталған адамның жерлестері де болған.
Бірнеше күн бұрын Ақтөбе соты Жандос Әлімовке қатысты екінші қылмыстық істі қарады — ол да пәтерді заңсыз беруге қатысты. Бұл эпизодта оның әйелінің қарындасы фигурирлейді. Айыптау бойынша, әйел жалдаушы қайтыс болғанына байланысты тұрғын үй жалдау шартын қайта рәсімдеу туралы өтініш берген. Өтінішке ол өзі сияқты пәтерге қатысы жоқ атасының қайтыс болғаны туралы куәлікті қоса тіркеген. Әлімов туысының тұрғын үй кезегінде тұрмағанын білген, алайда оның өтінішін тұрғын үй комиссиясының қарауына жіберген. Кейін ол комиссия мүшелерін өтініш берушінің баспанаға құқығы бар екеніне сендіріп, тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамасын дайындаған, онда алдын ала оң шешім көрсетілген. Одан кейін бұл уақытша тұрғын үй оған басқа жайлы пәтерге айырбасталып, тұрғын үйді тегін жекешелендіру туралы өтініші қанағаттандырылған. Соңында заңсыз жолмен алынған пәтер 5 млн теңгеге сатылған.
Сонымен қатар прокуратураның сұрауы бойынша тұрғын үй қатынастары бөлімі жекешелендірілген пәтерлердің тізімін бергені, алайда бұл тізімнен айыпталушының туысының тегі алынып тасталғаны анықталды. Әлімовтің өзі мұндай нұсқау бермегенін айтса, оның бөліміндегі қызметкер сотта тізімнен бір тегті не себепті алып тастағанын есіне түсіре алмайтынын мәлімдеді.
Жандос Әлімов кінәсін жоққа шығарып, шешімдер алқалы түрде қабылданғанын, комиссия құрамында Ақтөбе әкімі, оның орынбасарлары, әкімдік бөлімшелерінің басшылары, мәслихат пен қоғамдық кеңес өкілдері болғанын айтқан.
Сот онымен келіспей, үкім шығарды. Екінші қылмыстық іс бойынша ол 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ бұған дейінгі үкім бойынша өтелмеген жаза ескеріліп, түпкілікті жаза 6 жылға бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалды. Сонымен қатар ол мемлекетке 9 млн теңге шығынды өтеуге тиіс.


