Ақтөбе облысының тұрғындары алтынға инвестиция салудан жоғары табыс уәде еткен алаяқтық схеманың құрбаны болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталы мәлім еткеніндей, облыста алаяқтықтың бірнеше фактісі тіркелді. Қылмыскерлер әлеуметтік желілерде жарнама таратып, салынған қаражаттың екі еселенетініне кепілдік берген. Азаматтарға алтын бұйымдарын қайта сатумен айналысатын пайдалы бизнеске ақша салу ұсынылып, түсімнен жоғары пайыз уәде етілген.
Бұл схеманың құрбаны болғандар — бірнеше жергілікті тұрғын. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласының 33 жастағы тұрғыны алаяқтардың шотына 1,5 млн теңге аударған. Тағы бір қала тұрғыны салымнан табыс аламын деген уәдеге сеніп, 1,65 млн теңгеден айырылды.
Ақшаны алған соң қылмыскерлер байланысқа шығуды тоқтатты, ал олардың әлеуметтік желілердегі парақшалары жоғалып кетті. Осы фактілер бойынша «Алаяқтық» бабы бойынша тергеу шаралары жүргізілуде.
«Тез баю туралы ұсыныстарға сенбеңіз: қысқа мерзімде салымды екі еселейтініне кепілдік беретін заңды қаржы құралдары жоқ. Алтынды, криптовалютаны немесе акцияларды қайта сатудан жоғары кіріс уәде ететін ұсыныстарға, әсіресе олар мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы келсе, сақтықпен қараңыз», — деп ескертті полицияда.


