Қазақстанда ақылы жолдардағы төлем жүйесіне енгізілуі мүмкін өзгерістер талқыланды. Үкіметте автомобиль жолдарының ақылы болуы мәселесі бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Басты назар коммерциялық жүк көлігінің, оның ішінде отандық және шетелдік тасымалдаушылардың жол жүруіне төлем жасаудың ықтимал тәсілдеріне аударылды. Үкіметте ұсынылып отырған шаралар азаматтардың жеке жеңіл көлігінің жүру жағдайларын өзгертпейтінін атап өтті.

«Біз автомобиль жолдарын салып жатырмыз, бірақ оларды күтіп ұстау мен жөндеу шығындарын бюджет есебінен өтеп келеміз. Жол инфрақұрылымы өзін-өзі ұстауға қабілетті жүйе құру қажет», — деді Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Жұмыс тобының қатысушылары бірқатар бастама ұсынды. Осылайша, сақтандыру саласындағы тәуелсіз сарапшы Әйгерім Қарабыйықоғлы Қазақстан мен көрші мемлекеттердің ақылы жолдарындағы жүру тарифтерінің айырмашылығына назар аударды. Ол отандық тасымалдаушылар үшін жекелеген шарттарды қарастыруды және шетелдік жүк көліктерін мемлекеттік шекарадан өткен кезде сақтандыру тетіктерін пысықтауды ұсынды. Сарапшының пікірінше, мұндай тәсіл жүк көлігінің жол инфрақұрылымына әсерін өтеудің қосымша құралы, сондай-ақ оны күтіп ұстау мен жөндеуді қаржыландыру көзі бола алады.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының бизнес-талдаушысы Фархад Нұрқамалов көлік компаниялары үшін жылдық абонементтер енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның пікірінше, мұндай тетік тасымалдаушыларға жоспарланған километрді алдын ала төлеуге және сапарлар көп болған жағдайда жол шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол төлемдердің жиналуын арттырып, берешекті қысқартуға ықпал етуі мүмкін.

Экс-депутат Болатбек Нажметдинұлы тарифтерді автомобильдердің экологиялық класына, шығарындылар деңгейіне және жол жабынына түсетін жүктемеге қарай саралау мүмкіндігін зерделеуді ұсынды.

Отырыс қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин түскен ұсыныстарды мемлекеттік органдармен, салалық қауымдастықтармен және бизнес өкілдерімен бірлесіп егжей-тегжейлі пысықтауды жалғастыруды тапсырды.

«Тәсілдерді одан әрі әзірлеу кезінде тасымалдаушылар мен бизнестің мүдделерін ескеру, сондай-ақ жол инфрақұрылымын күтіп ұстау шығындарын әділ бөлуді қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте негізгі басымдықты жеке жеңіл көлікке қатысты емес, коммерциялық жүк көлігіне беру ұсынылады. Базалық ұсыныстарды қараша айының соңына дейін дайындап, жұмыс тобының келесі отырысының қарауына ұсыну тапсырылды», — делінген үкімет хабарламасында.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласындағы ахуалды абсурд деп атап, орасан зор табыстың сырт қалып жатқанын мәлімдеген. Ол қазіргі жағдайды «тұйыққа тірелген жол» деп бағалады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында елдің көлік саласындағы ахуал туралы айтқан.

«Мәселенің бағасы осындай. Ол қалай болса да шешілуі тиіс. Егер шекара көп шақырымдық кептелістер тудыратын «тар мойынға» айналса, ал қазір дәл осылай болып отырса, Қазақстанның көшбасшылығы туралы сөз қозғауға болмайды», — деп атап өтті президент.

Кейін Көлік министрлігінде Қазақстанның негізгі көлік бағыттарында жүк тасымалына бақылау күшейтілгені мәлімделді.