Астана — Анталья бағытындағы рейс жолаушылары 9 қазанда ұшу уақытының бірнеше сағатқа кешігуіне тап болды. Бұл туралы қазақстандық адвокат Әсел Бикенова Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Заңгердің айтуынша, ол Түркияға көптен күткен демалысқа SCAT Airlines әуекомпаниясының рейсімен аттанбақ болған. Әуелде ұшу 07:20-ға жоспарланған, алайда кейін ол 09:00-ге, сосын 12:30-ға, кейінірек 15:00-ге ауыстырылды. «Бүгін тіпті ұшатынымызға да кепілдік жоқ! Бізге ұшақ Мәскеуде тұрғанын, онда әуежайдың әуе қорғанысы жұмысына байланысты жабылғанын айтып отыр», — деп жазды Бикенова.

Ол әуекомпанияның мұндай жағдайларға резервтік ұшақ қарастырмағанына таңырқау білдірді. «Демалысын алдын ала төлеген адамдар неге әуежайда сағаттап белгісіздікте отыруы керек? Біз туристік пакет сатып алып, демалысымызды жоспарлап, ұшудың нақты уақытына сенген едік. Ал іс жүзінде ақысы төленген демалыс күнімізден айырылып отырмыз», — деп наразылық білдірді ол.

NUR.KZ тілшісі SCAT Airlines баспасөз қызметінен түсініктеме сұрады. Онда Астана — Анталья рейсінің кешігуі әуе кемесінің келуін күтуге байланысты болғанын растады. «Күту кезеңінде әуекомпания жолаушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастырып, олардың қажеттіліктері мен ұшуға дейінгі демалыс жағдайларына ерекше көңіл бөлді. Жолаушыларға екі рет ыстық тамақ берілді. Қонақүйде демалғысы келгендердің барлығына орналасу мүмкіндігі ұсынылды. Қазір жолаушылар отырғызу рәсімінен өтіп жатыр, ұшақ ұшуға дайындалуда», — деп сендірді әуекомпанияда.