Астанада полицейлер есірткі таратты деген күдікпен 20 жастағы жігіт пен 18 жастағы қызды ұстады. Күдіктілер отырған KIA маркалы көлікті қалаға кіреберістегі бекеттердің бірінде тәртіп сақшылары тоқтатты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Көлік салонын тінту барысында екі вакуумдық қаптама салынған қорап табылды, олардың ішінде ақ түсті ұнтақ зат болған. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат — мефедрон, оның салмағы 2 келіні құрады.
Сонымен қатар ұсталғандар тұрған пәтерді тінту кезінде полицейлер тағы шамамен 1 келі осындай зат пен оны қаптауға арналған бұйымдарды тапты. Жалпы салмағы 3 келіден асатын барлық табылған зат тәркіленді.
Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Полиция есірткіні жеткізу және тарату арналарын анықтап, жолын кесу жұмысын жалғастыруда», — деді ведомствода.
Бұған дейін Астана тұрғынының көлігінен тыйым салынған заттар салынған сөмке табылып, полиция оны жолда тоқтатқаны хабарланған болатын.


