Астанада екі жетінші сынып оқушысы Дәурен көшесіндегі аялдамада орнатылған бейнебақылау камерасын қасақана істен шығарды. Алайда жауапкершілік олардың ата-анасына жүктелді — заңды өкілдерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ агенттігі Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz ақпараттық медиапорталына сілтеме жасап хабарлағандай, оқиғаға 7-сыныптың екі оқушысы қатысқан. Жасөспірімдер аялдамадағы бейнетіркеу құрылғысын әдейі бүлдірген.

Кәмелетке толмағандармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Оларға Қазақстан заңнамасының талаптары, сондай-ақ бөтен және қоғамдық мүлікті қасақана бүлдіргені немесе жойғаны үшін жауапкершілік шарасы түсіндірілді.

«Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, әсіресе қоғамдық орындарда бейнебақылау жүйелерінің маңызына ерекше назар аударылды. Мұндай нысандарды бүлдіру тек материалдық шығын әкеліп қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікке де кері әсер етуі мүмкін», — делінген хабарламада.

Кәмелетке толмағандардың ата-анасына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігі бойынша — бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Полиция еске салады: қоғамдық немесе бөтен мүлікті бүлдіру не жою — құқыққа қарсы әрекет. Кәмелетке толмағандардың іс-әрекеті үшін жауапкершілікті олардың өздері ғана емес, ата-анасы немесе заңды өкілдері де тартуы мүмкін.