Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы жедел медициналық жәрдем станциясындағы алаяқтық туралы іс бойынша сотталғандардың апелляциялық шағымдарын қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырды. Іс бойынша шығын 443 млн теңгеге бағаланған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ астаналық сотқа сілтеме жасап хабарлағандай, сөз жедел жәрдем станциясының бұрынғы басшысы мен оның сыбайластары туралы болып отыр. Олар бұған дейін шығарылған үкімге шағымданбақ болған. Биылғы шілдеде Астанада жедел жәрдем станциясының бұрынғы қызметкерлеріне үкім жарияланғаны хабарланған еді: олар кәсіпорында автомобильдерге техникалық қызмет көрсету станциясын ұйымдастырып, 443 млн теңге шығын келтірген.
Бүгін Астана соттарының Telegram-арнасында нақтылағандай, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталғандар мен олардың қорғаушыларының апелляциялық шағымдарын зерделеді. Олар үкімді жоюды және іске қатысушыларды ақтауды сұраған.
«Қарау барысында алқа шағымдардың дәйектері мен қылмыстық іс материалдарын зерделеді. Үкімді жоюға немесе өзгертуге негіз жоқ. Астана қаласының ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының 2026 жылғы 28 шілдедегі үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды», — делінген сот хабарламасында.
Осылайша, бұған дейін тағайындалған жаза күшінде қалды: қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының бұрынғы директоры 9 жылға бас бостандығынан айырылды, ал қызметкерлер белгілі бір лауазымдарды өмір бойы атқару құқығынан айырыла отырып, 8 жылдан бас бостандығынан айырылды.
Сот актісі заңды күшіне енді.


