Атырауда сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінің әйелдер дәретханасында аңдумен және телефонға түсірумен айыпталған 21 жастағы жігіт әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 24 қазанда қаладағы сауда үйлерінің бірінде болған. Ведомство дерегінше, жігіттің әрекеті қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған.

«Қоғамдық орында болған ер адам айналасындағыларға ашық түрде құрметсіздік танытып, құқыққа қайшы мінез-құлық көрсетті. Түскен өтініш бойынша полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын жедел анықтап, оны полиция басқармасына жеткізді», — деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Жігітке қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Іс сотта қаралғанға дейін ол әкімшілік қамауға алынғандар камерасына қамалып, іс материалдары сотқа жіберілді.

Сот шешімімен жігіт айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда сауда-ойын-сауық орталықтарының біріне келген әйелдер әйелдер дәретханасында ер адам оларды аңдып, телефонға түсіріп жүргенін айтқан болатын. Полицейлер жігітті ұстаған.