Атырауда Авангард-2 шағын ауданындағы үш қабатты ғимаратқа жалғасқан қазандықта газ-ауа қоспасының жарылуы мән-жайы анықталып жатыр. Зардап шеккен ер адамның жағдайы мен келтірілген шығынды кім өтейтіні туралы дәрігерлер мен қала билігі айтып берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің нақтылауынша, оқиға салдарынан қазандықтан 12 метр қашықтықта орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің пәтерлеріндегі терезелер, сондай-ақ екі жеңіл көлік зақымданған. Бір адам зардап шекті.

Атырау облыстық ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Еркін Ерболеков зардап шеккен адамды медициналық мекемеге шамамен сағат 11:00-де жеткізгенін хабарлады. Оның айтуынша, ер адамның жарақаты аралас, беті мен қол-аяғы күйген, бас сүйегі ашық жарақаттанған.

«Қазір ол нейрохирургия бөлімшесінде емделіп жатыр. Жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», — деді Ерболеков.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі келтірілген шығынды ғимарат иесі толық өтейтінін мәлімдеді. Қазір зақымданған терезелердің өлшемдері алынып жатыр, оларды қалпына келтірумен екі мердігер ұйым айналысады.

Оқиғаның мән-жайын Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен полицейлер анықтап жатыр.