Атырауда әлеуметтік желілерде «Атыраулық хакер» деген атпен танымал болған ер адам сотталды. Ол бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Атырау облысы соттарының баспасөз қызметі мәлім еткендей, сотталушы Ж. ақпараттық жүйе қолданушысын алдап, сеніміне кіріп, бөтен мүлікті ірі мөлшерде бірнеше рет жымқырды деп айыпталды.

Сот дерегінше, ер адам 2022, 2024 және 2025 жылдары 12 ақпараттық жүйе қолданушысын алдаған. Ол оларға ақпараттық технологиялар курсынан өткіземін, бұғатталған әлеуметтік желілерді ашамын, «Jetu» такси қосымшасының жобасына салынған ақшаны көбейтемін, тұрақты табыс табу жолдарын үйретемін, инвестиция салу арқылы табыс табуға көмектесемін, тауарды жеткізіп, интернет-алаяқтарға алданып аударылған ақшаны қайтарамын, әлеуметтік желідегі аккаунтты бұғаттан шығарамын деп өтірік айтқан.

Сот анықтағандай, ол ақшаны жымқырып, 12 жәбірленушіге жалпы сомасы 13 361 000 теңге көлемінде ірі мөлшерде мүліктік зиян келтірген.

Жаза тағайындау кезінде сот ер адамның бес кәмелетке толмаған баласы барын ескерді. Ол жәбірленушілерге 10 392 000 теңге төлеп, өкінгендіктен, оған 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар сот «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық туралы» заңды қолданды. Жаза төрттен бір бөлігіне қысқартылып, түпкілікті 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Еске салайық, қазақстандық бұған дейін Атырау облысында төрт адамнан тұратын отбасының жоғалуы туралы резонанстық оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде кеңінен танымал болған. Сол кезде ол өзін «Атыраулық хакер» деп атап, бұл істі өз бетінше тергеймін деп мәлімдеген бейнежазба пайда болды. Жарияланымдарында ол болжамды геолокацияларды, телефон қосылыстарын және басқа да деректерді көрсеткен.

Облыстық полиция департаменті ер адамның алаяқтықтың бірнеше эпизоды бойынша күдікті ретінде өтіп жатқанын хабарлаған. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол іздеуге жарияланды. Нәтижесінде күдікті Түркияда ұсталды.

Қазақстанға оралғаннан кейін ер адам біраз уақыт Алматы мен Ақтөбе изоляторларында болды, кейін оны Атырауға алып келді. Мұнда сот оған үйқамаққа санкция берді.